36 жасымда да Олимпиадаға қатыса алам – Елдос Сметов болашағы туралы айтты

Редактор
05.08.2024, 15:29

Даңқты балуан алдағы 1-2 ай бойы демалып, түрлі кездесулерге қатыспақшы

Қазақстан дзюдо федерациясы

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов спорттағы мансабына қатысты мәлімдеме жасады. Msports.kz тілшісіне сұхбат берген балуан Олимпиада кезінде орын алған келеңсіз жайт туралы айтып өтті.

Еске салайық, Сметов биыл 32 жасқа толады. Бұған дейін оның Париж Олимпиадасынан кейін мансабын аяқтайтыны туралы айтылған болатын. Десе де, Елдостың өзі нақты шешім қабылдамапты.

«Мен 36 жасымда да Олимпиада ойындарына қатыса аламын. Кім біледі, егер дұрыс жаттығу жасап, жарыстарға қатысып жүрсем, тағы бір Олимпиадаға бару қолымнан келеді. Бірақ, мен мансабыма қатысты шешімді үйіме барған соң қабылдаймын. Алда 1-2 ай эйфория, жеңістен ләззат аламын. Кездесулер, түрлі жиындар, халықпен кездесу болады», - деді Сметов сұхбат барысында.

Парижде жеңіске жетіп, қолына ту ұстайтын кезде Елдосқа ұйымдастырушылардың бірі кедергі келтірген болатын. Егде жастағы әйел жеңімпаздың қолындағы көк байрақты тартып алмақ болады. Оның неге мұндай әрекетке барғаны сол күйі түсініксіз қалды.

«Бәрі өте жылдам болды. Мен не болғанын түсініп те үлгерген жоқпын. Бірақ, қолымдағы туды берген жоқпын, ешкімнің тартып алуына жол бермедім. Соңына дейін қолымнан тастаған жоқпын, ұстап жүрдім», - дейді Олимпиада чемпионы.

Айта кетейік, Елдос Сметов Париж Олимпиадасында 60 кг салмақ дәрежесінде күресіп, жарыс жеңімпазы атанды. Бұған дейін ол Рио Олимпиадасының – күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алған.