Демеу Жадыраев Ақжол Махмұдовпен не туралы сөйлескенін айтты

Редактор
08.08.2024, 17:10

Демеу қырғыздың «акуласын» алғашқы айналымда жеңді

Тұрар Қазанғапов

Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев қырғызстандық балуан Ақжол Махмұдовпен не туралы сөйлескенін айтты. 

«Ақжол екеуміз бір-бірімізді құттықтадық. Сонан соң осындай мүмкіндікті қалай жіберіп алғанымыз туралы сырластық. Бір-бірімізге демеу болып, жанкүйерлердің қолдауы туралы сөйлестік. Бәрі жан-жақтан қолдау білдірді. Алтын үшін келіп едік, күміс бұйырды. Соған да шүкір дейміз», - деді Демеу Жадыраев. 

Естеріңізде болса, Демеу қырғыздың «акуласын» алғашқы айналымда жеңді. Соған қарамастан қырғызстандық жанкүйерлер Жадыраевқа жылы лебіздерін білдіріп, чемпион атануын тіледі.

Жадыраев та барын салып финалға шыққандықтан, Ақжолға жұбаныш белдесуде күресуге мүмкіндік берілді. Қырғызстандық спортшы сол мүмкіндікті мүлт жібермей, қола үшін күресте әзербайжандық қарсыласынан басым түсті. Осыдан соң марапаттау рәсімінде Ақжол мен Демеу екеуі бөлек суретке түскен сәттің видеосы тарап, бауырлас халықтар арасындағы татулықтың үлгісіне айналғандай болды.