Демеу Жадыраевқа Парижде 10 мың жанкүйер құрмет көрсетті (ФОТО)

Редактор
09.08.2024, 11:50

Ол қолтаңба таратып, естелік фотосуретке түсті

olympic.kz

Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен күміс жүлдегер атанған Демеу Жадыраев «Чемпиондар» саябағындағы атлеттерді құрметтеу кешіне қатысты. Франция астанасында өткен шарада Қазақстан спортшысын 10 мыңнан астам жанкүйер қарсы алып, құрмет көрсетті.

Демеу Жадыраев көпшілік алдына шығып, жанкүйерлерле қолтаңба таратып, суретке түсті. Сондай-ақ, балуан спорттық әдістерін жасап, мастер-класс көрсеткен.

Отандасымыз 2 күн бұрын 77 келіде финалда белдесіп, күміс жүлдеге ие болған еді. Ол ақтық сында жапон балуанынан 5:2 есебімен жеңілді.

Белдесуден кейін құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко Демеу Жадыраев ептілік жетіспегенін атады.

«Демеу жақсы күресті. Аздап ептілік жетіспей қалды. Төрттағанда тепе-теңдікті жоғалтып алды. Ал жапондық балуан мұны сәтті пайдаланып, екі рет екі ұпайлық әдіс жасап кетті. Өте өкінішті.   

Барын салып күресті. Қарсыласы әлемдік деңгейдегі жігіт. Өкінішке қарай, жеңіс жапоны жағынд кетті. Десе де, Демеудің финалда күресіп, күміс медаль алғаны – үлкен жетістік. Бізге жанкүйер болған жандарға алғысым шексіз»,- деді бапкер Olympic.kz-ке берген сұхбатында.

Ал балуанның өзі финалға дейін аса қиын болмағанын, алайда шешуші белдесуде жауапкершілікті туралы ойға қатты беріліп, қобалжып кеткенін атады.

Айта кетейік, Қазақстан қоржынында әзірге 7 жүлде бар: бір алтын, үш күміс және үш қола.