Оған қоса жерлестері асыл тұқымды жылқы мен «Біздің Елдос» әнін сыйлады
Олимпиада чемпионы Елдос Сметов туған жері Тұрар Рысқұлов ауданына ат басын бұрып, жерлестерінің зор құрметі мен қошеметіне бөленді. Аудан жұртшылығы спорт саңлағын Құлан ауылының батыс қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алды. Мерекелік кеш ауданның орталық алаңында жалғасты. Мұнда 2 мыңнан астам аудан тұрғыны Елдос Сметовті ыстық ықылас, зор қуанышпен күтіп алды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Ернар Есіркепов құттықтау сөз сөйледі. Олимп шыңын бағындырған Елдос Сметовке жерлестерінің атынан автокөлік мінгізіп (Haval М6), спортшының ата-анасы мен жеке бапкеріне құрмет көрсетті.
Елдос Сметов бұл сыйлықты алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлға тарту етіп, ұстазына алғысын білдірді.
Кеш барысында Қойшымановтар әулеті асыл тұқымды жылқы сыйласа, әнші Нұрислам Сәменқұлов «Біздің Елдос» атты туындысын тарту етті.