Француз жігітіне тұрмысқа шыққан Жанна Мамажанова Олимпиадада 33-ші келді

Редактор
11.08.2024, 13:50

Ол Қазақстан азаматы болса да ұзақ уақыттан бері Францияда тұрады

Olympic.kz

Париж Олимпиадасында әйелдер арасында марафон аяқталды. Қазақстан намысын қорғаған Жанна Мамажанова мәреге 33-ші келді. Ол 42 шақырым 197 метрді 2 сағат, 30 минут 51 секундта жүгіріп өтті.

Еске сала кетейік, Жанна Токиода 2:37.42 секунд нәтижесін көрсеткен (46-орын).  Ал биыл Роттердам марафонында жарыс жолын 2 сағат 26 минут 42 секундта бағындырып, Қазақстан рекордын тіркеген.

Бұл сайыста Нидерланд Корольдігінің өкілі Сифан Хассан Олимпиада рекордын тіркеп (2:22.55), жеңімпаз атанды. Ол Парижде 5 мың, 10 мың метрге жүгіруде қола жүлдегер атанған.

Одан кейін мәреге Тигист Ассефа (Эфиопия) мен Олимпиаданың 2 дүркін күміс жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы Хеллен Обири (Кения) келді. Марафонға барлығы 91 атлет қатысты. Оның тоғызы жарысты орта жолда аяқтады.

Ерлер марафоны Олимпиада бағдарламасына 1900 жылы қосылған, әйелдер жарысы 1984 жылдан бері бар.

Айта кетейік, Жанна Мамажанова Францияда тұрады. Ол 2021 жылы француз жігіті Марко Туриге тұрмысқа шыққан.

Материалда: