Олимпиадада 9-орын алған қазақстандық теннисшіге 2 бөлмелі пәтер сыйлады

Редактор
12.08.2024, 12:45

Кирилл Герасименко Риода алғашқы айналымнан сүрінсе, Токиода үшінші кезеңде жеңіліп қалған

instagram.com/ttfrk

Қазақстанның үстел теннисі федерациясы Кирилл Герасименкоға Астанада екі бөлмелі пәтер сыйлады. Осылайша, спортшы Париж-2024 Олимпиадасында жарқын және сәтті өнер көрсеткені үшін марапатталды.

Франция астанасында Қазақстан құрамасының көшбасшысы тарихи жетістікке қол жеткізді. Ерлер арасындағы жекелей сында Кирилл Герасименко тоғызыншы орын алды. Бұған дейін қазақстандықтардың ешқайсысы бұл жетістікке жете алмаған.

«Кирилл Герасименконы Париждегі 2024 жылғы Олимпиада ойындарындағы үлкен жетістігімен құттықтаймыз! Бұл біздің спорт үшін тарихи оқиға. Турнир бойы Кирилл ерік-жігерін, нағыз кәсіби шеберлігін көрсетті. Ол қазақстандық үстел теннисі шеберлерінің әлемнің ең мықты спортшыларымен лайықты бәсекеге түсе алатынын көрсетті.

Оның нәтижесі Қазақстан үстел теннисі тарихында жаңа тарауды ашады. Біз оның жетістіктерін мақтан тұтамыз және оның еңбегін бағалап, марапаттауды ұйғардық.

Жақында жаңа олимпиадалық цикл басталады. Ал біз ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында, сондай-ақ ерлер арасындағы командалық жарыста үш лицензияны жеңіп алуды жоспарлап отырмыз», - деді Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин.

Кирилл Париж Олимпиадасындағы алғашқы ойынында Чили елінің өкілі Николас Бургоспен шеберлік байқасып, 4 сетте де басым түскен еді. Кейін ол 1/16 финалда германиялық теннисші Данк Кьюды жеңген болатын. 1/8 финалда Мысыр өкілі Омар Ассармен кездесті. Бұл ойында қазақстандық спортшы жеңіліп қалды.