Ол ерлер арасында 11 ұлттық чемпионатта жүлделер алған
28 тамызда басталатын Паралимпиада ойындарында алғаш рет трансгендер атлет бақ сынайды. Бұл – көзі нашар көретін италиялық желаяқ Валентина Петрилло. .
The Guardian мәліметінше, спортшы 200 және 400 метрге жүгіруден бақ сынайды.
«Әлі де сене алар емеспін, бірақ қазір аяқта нық тұрмын, себебі Токиоға бару мүмкіндігімді мүлт жіберіп алдым», - деді Петрилло.
Спортшы 14 жасында Штаргардт ауруына шалдыққан. 20 жасында Петрилло Болоньяға қоныс аударып, көзі көрмейтіндерге арналған институтта компьютерлік ғылымды зерттеді.
2017 жылы, әлі ер адам кезінде, жұбайына әйелдердің киімін киген ұнайтынын айтқан. 2018 жылдан бастап атлет әйел секілді өмір сүре бастады.
Ал 2019 жылдан бастап гормоналдық терапияға ден қойды. Сол аралықта ол анемияға шалдығып, 10 келі салмақ қосты. Тиісінше оның нәтижелері де төмендей бастады.
50 жастағы спортшының еншісінде 2023 жылы Парижде өткен әлем біріншілігінің қола жүлдесі бар. Бұған дейін ерлер арасында 11 ұлттық чемпионатта жүлделер алған.