Абиба Әбужақыноваға Атырау халқы Zeekr автокөлігін мінгізіп, VIP номер тағып берді

Редактор
16.08.2024, 18:07

Бұған дейін Астанада Мәжіліс депутаты да оған «темір тұлпар» сыйлаған

instagram.com/abiba48/

Қазақстандық танымал дзюдошы Абиба Әбужақыноваға Атырау облысының халқы көлік мінгізді. Сондай-ақ, көлікке «001 ABI 06» деген мемлекеттік номер тағып берген. Жаңа темір тұлпарының фотосуретін спортшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеді.

Париж олимпиадасында барын салып күресіп, жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінген Абиба өзі өнер көрсететін Атырауға оралды. Жерлестері спортшыны күтіп алып, оған Zeekr электромобилін сыйға тартты.

Дзюдошыға көлік номері қоса берілген. Мемлекеттік номер бағасының өзі 1 миллион теңгеге жуық.

Естеріңізде болса, бұған дейін Абибаны астаналықтар да дүркіретіп күтіп алған еді. Ал, Мәжіліс депутаты, кәсіпкер Айдарбек Қожаназаров Kia Ceed маркалы автокөлігін сыйлаған.

«Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Оған себеп – Абиба қарындасымның көз жасы. Бұл намыстың көз жасы. Бұл тектіліктің белгісі. Бұл үлкен тәрбиенің үлгісі! Қысқасы, Абиба қызымызға өз атымнан арнайы сыйақы беремін. Парижде Қазақстанның абыройын қорғаймын деп барын салды. Жарақат алса да қайтқан жоқ. Осындай еңбекті бағалау керек. Осындай патриоттықты насихаттау керек! Жалғастырайық, қазақтың жігіттері!» – деген болатын депутат.