Күрестен әлем чемпионатында қазақтың екі балуаны финалға шықты

Редактор
20.08.2024, 09:26

17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігі басталды

UWW

Иорданияның Амман қаласында күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігі басталды. 

Алғашқы жарыс күнінде грек-рим күресінің шеберлері бақ сынауда. Кілемге шыққан балуандар арасынан екі қазақстандық балуан финалға шықты. 

55 келі салмақта Алпамыс Болатұлы ақтық сынға жолдама алды. Іріктеуде ол Жапония, Иран және Армения балуандарын ірі есеппен жеңді. Алпамыстың финалдағы қарсыласы - америкалық  Джейден Скотт Рэйни. 

80 келідегі Еркебұлан Анапия да әлем чемпионатының финалында белдеседі. Ол жартылай финалда әзербайжандық балуаннан басым түсті. Анапияның финалдағы қарсыласы - нейтралды ту астында өнер көрсететін Михаил Шкарин. 

Сондай-ақ, 48 келідегі Едіге Төлеутаев қола медальға күреседі. Ол жартылай финалда ирандық балуанға жол берген.