«Сенімнен айырылды». ҰОК бас хатшысы қызметінен босатылды

Редактор
21.08.2024, 11:34

Жанар Өтешова комитетте президенттен кейінгі екінші дәрежедегі қызметті атқарған

ҰОК

Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті президентінің бұйрығымен Бас хатшы лауазымын атқарып келген Жанар Өтешева жұмыстан босатылды. Бұл туралы ҰОК мәлімдеді.

«Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті президентінің бұйрығымен Бас хатшының сенімхат негізінде берілген өкілеттігі жойылды. Одан бөлек, сенімінің жоғалуына байланысты Жанар Өтешеваны бас хатшы ретінде Атқарушы комитет құрамынан шығару мәселесі Бас ассамблея мүшелерінің қарауына шығарылады», - делінген мәліметте.

Естеріңізде болса, 2024 жылдың ақпан айында миллиардер Тимур Құлыбаев ҰОК тізгінін кәсіпқой бокстан әлем чемпионы болған Геннадий Головкинге табыстады. ҰОК ассамблеясында Головкинмен жұмыс істейтін команда да жасақталды. Комитеттің бас хатшысы болып Жанар Өтешова тағайындалды. Бұл – комитеттегі президенттен кейінгі екінші дәрежедегі қызмет.

Өтешова Головкин кәсіпқой бокс рингіне шығып жүргенде командасының баспасөз хатшысы болған. 2022 жылдың ортасына дейін ҰОК баспасөз және PR департаментін басқарған еді.