«Өзбекстан бізден 10 есе аз қаржы бөледі». Енді Қазақстанда спортқа бөлінетін ақша азаяды

Редактор
21.08.2024, 15:26

Енді олимпиадалық, ұлттық, пара және сурдалимпиялық спорт түрлерін ғана қаржыландырмақ

ҰОК

Бүгінде елімізде ресми түрде 180 спорт түрі тіркелген. Соның 50-і ғана Жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіреді. Сондықтан мемлекет тарапынан қаржыландырылатын спорт түрлерін үш есеге қысқарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті. 

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев qazaqstan.tv тілшісіне берген сұхбатында спортқа бөлінетін қаржыны қалай тиімді жұмсауға болатынын айтты.

“Біздің Спорт министрлігіміз бүгінге дейін 180 спорт түрін ресми спорт түрі деп бекіткен. Жоғары жетістіктер спорты дейді. Жоғары жетістіктер спортына жылына 775 млн АҚШ доллары бөлініп келген. Өзбекстан бізден 10 есе аз спорт түріне қаржы бөледі. Олар жоғары жетістіктер спорты не екенін біледі, әлемнің бәрі біледі. Біз, әрине, бюджеттің ақшасын аламыз, 180 спорт түріне бөліп тастаймыз бітті. Ақшаның қайда кеткенін таппай қаласыз. Ал сол ақшаны еселеп азайтып, тиісті спорт түрлеріне бөлсек, әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетуге болар еді”, – деді депутат.

Мәжіліс депутаттары арнайы жұмыс тобын құрып, мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерін азайту туралы арнайы заң жобасын мақұлдаған. Құжат қазір Үкіметтің қарауында. Бұдан Туризм және спорт министрлігі хабардар. Енді олимпиадалық, ұлттық, пара және сурдалимпиялық спорт түрлерін ғана қаржыландырмақ.

Көрші мемлекеттерді алатын болсақ, Ұлыбритания 15, Беларусь 17, көршілеріміз де 20-ға жуық спорт түрлерін қаржыландырылады. Біз де соған келуіміз керек. Қазір 180 спорт түрінен 60-70 спорт түрін қалдырайық деп отырмыз. Олар, әрине, Әлем чемпионаттарында, Олимпиадаларда, дүбірлі додаларда бізге медаль алып келетін, яғни әр уақытта жүлдемен қайтатын спорт түрлері. Қалған спорт түрлері дамымайды емес, дамиды. Бірақ оларға деген мемлекеттен бөлінетін қаражат біртіндеп азая бастайды”, – дейді Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріп.