Ол өзінің құлдырағанын жасырмады
Париж Олимпиадасында дзюдодан 48 келіде белдесіп, бесінші орынға тұрақтаған Абиба Әбужақынова өзінің күресіне сараптама жасап, түсініктеме берді.
«Біз» YouTube арнасында сұхбат берген татами шебері мамырда өткен әлем чемпионатында керемет бабында болғанымен, Парижде ол биікке жете алмағанын атап өтті.
«Спортшыда сондай сәттер болады. Кейде төменге түсіп кетеді. Мен сол жағдайды Париж Олимпиадасында сездім. 100 пайыздық бабымда болмадым. Күресіп жүріп оны тек өзім ғана байқадым. Солай жүлдеге қол жеткізе алмадым. Олимпиадада жеңген, ұтылған қарсыластарымды оған дейін де жеңіп жүрген едім. Бірақ сол жолы сәті келмеді», - деді Әбужақынова.
Сонымен бірге, дзюдошы бабы келіссе, керемет күреспен өз биігіне шығатынын айтып өтті.
«Бізде бір жарыстардан кейін үнемі ұта берсең шыңға шығасың. Жеңіле берсең, түсіп кеткеніңді білесің. Мен сол деңгейден түсіп кеттім. Себебі, әлем чемпионатында жақсы бабымда болдым. Қарсыластарымды өзім қалай ұтып жатқанымды сезген жоқпын. Организмнің өзі жұмыс істеп, денем автоматты түрде өзі жасап жатты. Ал Олимпиадада ондай бап болмады. Бұйыртса, алдағы уақытта бабыма келіп, биігіме шығамын деп ойлаймын», - деді ол.
Ал Олимпиада алдында Әбужақынова француз мамандарының жетекшілігімен дайындалған.
«Париж Олимпиадасында алдында француз маманы мені қарап, арнайы жоспар құрды. Әлем чемпионаты мен Олимпиадаға дайындады. Ал жаңа циклда өз салмағымды күресемін. Еуропа кубоктарында 52 келіде күресіп көруді ойлап жүрмін. Ол салмақтағы сын қалай болады, соны сезінгім келеді. Бірақ, әлем чемпионаты, Гранд Слэм жарыстарында 48 келіде белдесемін», - деді Абиба Әбужақынова.