Ғұсман Қырғызбаев 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуды көздеп отыр

Редактор
25.08.2024, 12:27

Ол Лос-Анджелестегі Олимпиадада 36 жаста болады

olympic.kz

Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев мансабына қатысты сұраққа жауап берді. «Берен» ютуб-арнасына сұхбат берген дзюдошы алдағы 4 жылда құрамадан кетпейтінін ресми мәлімдеді.

«Париж Олимпиадасынан кейін бапкеріммен ақылдаса келе 2028 жылы өтетін Олимпиадаға қатысу туралы шешім қабылдадық. Лос-Анджелеске дейін күресе беруді көздеп отырмыз. Парижде алған қола медаль маған ерекше шабыт сыйлады. Жарақат, алаңдататындай мәселе жоқ. Денсаулығыма еш шағымым жоқ. Дзюдо – менің жұмысым. Бар мүмкіндікті пайдаланып, келесі Олимпиадаға қатысқым келеді. Соған аянбай еңбек етіп, жұмысты жалғастырамыз», - деді Ғұсман Қырғызбаев.

Спортшы 1992 жылы туған. Ол бұған дейін 60 келіде бірнеше халықаралық жарыста жүлдегер атанды. Мәселен, 2021 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алса, кейін Азия чемпионатында екі мәрте қола жүлде еншіледі.

Қырғызбаев Париж Олимпиадасында 66 келіде белдесіп, жартылай финалға дейін жетті. Ол іріктеу кезеңдерінде Испания, Оңтүстік Корея, Франция балуандарын ұтты. Финалға шығар сында Бразилия өкіліне жол беріп, қола үшін күресте Сербия өкілін айқын жеңді.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында чемпион атанған дзюдошы Елдос Сметов те спорттағы жолын алдағы Олимпиадаға дейін жалғастыратынын айтқан болатын.