Қазақстан балуандары халықаралық турнирдің финалында белдеседі

Редактор
24.08.2024, 23:53

Бұл қазақ балуандары үшін Олимпиададан кейінгі алғашқы жарыс болып отыр

olympic.kz

Грек-рим күресінен Ресейдің Новосибирск қаласында өтіп жатқан А.Аксенов мемориалында Қазақстан құрамасының екі балуаны финалға шықты.

Турнирдің бірінші жарыс күнінде 55 келіде белдескен Аманғали Бекболатов финалға жолдама алды. Ол шешуші сында ресейлік Виктор Ведерниковпен шеберлік байқасады. Сонымен бірге, 60 келіде Ғалым Қабдунасаров Армения өкілі С.Агаджянмен өзара мықты анықтайды.

Бұдан бөлек, 63 келіде әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов пен Азия чемпионы Ержет Жарылқасын қола жүлде үшін белдеседі. Олардың қарсыласы жұбаныш белдесуінен кейін белгілі болмақ. 72 келіде Әділхан Сатаев та үшінші орын үшін күреседі.

Аталған турнир Қазақстан құрамасы үшін Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы дода болып отыр. Бұған дейін ұлттық құраманың 4 балуаны Франция астанасында өткен ойындарға қатысып, 77 келіде Демеу Жадыраев күміс жүлдеге ие болған еді.