Ол әлемдік рейтингте Елдос Сметовтен де жоғары тұрған еді
Париж Олимпиадасына дейінгі циклда 60 келіде Қазақстан дзюдошылары арасында рейтингте үздік көрсеткішке қол жеткізген Нұрқанат Серікбаев жаңа салмаққа ауысты.
Олимпиада алдындағы іріктеуде Сметовке есе жіберген Серікбаев енді 66 келіде күресуді жөн көріп отыр.
13-15 қыркүйек күндері Загребте өтетін Гран-при турнирінде белдесетін отандық дзюдошылардың тізімі шықты. Олардың арасында Серікбаев та бар.
Айта кетейік, Нұрқанат Серікбаев олимпиадалық циклде 60 келі салмақ дәрежесі бойынша рейтингте отандық дзюдошылар арасында жоғары көтеріліп, 15-орынға тұрақтаған болатын. Бұл ретте Сметов 22-орынға жайғасса, Мағжан Шамшадин 24-ші сатыда.