Олимпиададан кейін Абибаны «Жеңіс» клубы демалысқа жіберген
Дзюдодан еліміздің әйелдер ұлттық құрамасы жыл соңына дейін қатысатын турнирлер кестесі белгілі болды. Бұл туралы бас бапкер Ерлан Алпысбаев мәлімдеп отыр.
Оның сөзінше, Париж Олимпиадасында бесінші орын алған Абиба Әбужақынова (48 кг) алда бірнеше жарыста бақ сынамақ.
«Абибаның Қазақстан чемпионатына күресу, күреспеуі белгісіз. Ол қазан айында өтетін Әбу-Дабидегі Grand Slam турниріне қатысады. Олимпиададан кейін Абибаны «Жеңіс» клубы демалысқа жіберді. Париж ойындарына француз мамандары және жеке бапкерімен дайындалды. Аздаған демалыстан соң Әбужақынова татамиге қайта оралады. Биылғы маусымда әлі қатысатын додалар бар», - деді Алпысбаев Olympic.kz-ке берген сұхбатында.
Дзюдодан 48 келіде құраманың тағы бір үздігі Ғалия Тынбаева алда маңызды екі турнирде татамиге шығатын болады.
«Ғалия Тынбаева мен Ақерке Рамазанова қазір жеке жоспар бойынша Хорватияның Загреб қаласында өтетін Гран-при турниріне дайындалып жатыр. Одан бөлек, Ғалияны 14-20 қазан аралығында Ташкентте өтетін әскери қызметкерлер арасындағы әлем біріншілігіне жібереміз. Қараша айында Тынбаева Қазақстан біріншілігінде бақ сынайды. Содан соң, Токиодағы Grand Slam турнирінде белдеседі. Жыл соңына дейін Ғалияның жарыс кестесі өте тығыз болмақ», - деді бас бапкер.
Загреб Гран-приі қыркүйек айының 13-15 күндері өтпек. Ал Әбу-Даби Grand Slam турнирі 11-13 қазанда, Токио Grand Slam бәсекесі 7-8 желтоқсанда өз мықтыларын анықтайды.