«Нақты шешім емес»: Нұрқанат Серікбаев Елдос Сметовпен арадағы бәсеке туралы айтты

Редактор
03.09.2024, 15:21

Дзюдошы салмағына қатысты қандай шешім қабылдағанын айтты

ҰОК

Дзюдодан 60 келіде Қазақстан ұлттық құрамасының белгілі балуаны Нұрқанат Серікбаев салмақ ауыстыру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Парижге дейінгі олимпиадалық циклде өз салмағында рейтингте жоғары ұпайға ие болған спортшы әзірге нақты шешім қабылдамағанын жеткізді.

"Салмағымды уақытша ауыстырдым. Тек белгілі бір жарыстарда ғана 66 келіде күресемін деп шештім. Бірақ нақты шешім қабылдағаным жоқ. 60 келіден түбегейлі кетіп қалдым деп айтпаймын. Әлі белгісіз. Уақыт өте келе көрерміз", - деді Нұрқанат Серікбаев Olympic.kz-ке берген сұхбатында.

Маусым айының басында 60 келіде олимпиадалық рейтингте қазақстандық үш балуан жоғары ұпай жинаған болатын. Осыдан кейін бапкерлер Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин арасында спарринг өткізуді жөн көрді.
 
Айта кетейік, Серікбаев дзюдодан наурыз айында Тбилисидегі Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанған болатын. Ол 2023 жылы Дохада өткен әлем чемпионатында бесінші орынға тұрақтады. Спортшы қыркүйек айының бел ортасында Хорватияда өтетін Загреб Гран Приінде 66 келіде сынға түседі.