Олимпиада жүлдегерлеріне көлік пен пәтерден кейін магистратураның гранты табыс етілді

Редактор
03.09.2024, 16:46

Қазақ спорт және туризм академиясы Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевты оқуға түсірді

instagram.com/kazast_official

Париж Олимпиадасында жүлдегер атанған спортшыларға көрсетіліп жатқан құрмет пен қошемет толастар емес. Енді оларға білім гранты да берілді.

Бұл жолы Қазақ спорт және туризм академиясы Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевты оқуға түсірді.

Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов білім күніне арналған жиында Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Демеу Жадыраевқа докторантурада, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевқа магистратурада тегін білім алуға мүмкіндік беретін Академия грантын табыс етті. 

«Тәжірибе жүзінде білген-түйгенімізді енді теориямен ұштастыруға, ғылыми тұрғыда ізденуге мүмкіндік берген, өзім оқыған академия басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Ал, артымыздан ерген жас өрендерге сәттілік тілейміз. Алға қойған мақсаттарыңа жетуден ешқашан шаршамаңдар», - деді Демеу Жадыраев

Еске салсақ, Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен күміс жүлде еншілесе, Нариман Құрбанов спорттық гимнастикадан күміс медаль жеңіп алған еді. Ал Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан Олимпиаданың қола жүлдеге қанағат тұтқан.