Антикор басшысы спорттағы былықпен қалай күресетінін айтты

Редактор
04.09.2024, 12:03

Спорт саласына талай қаржы бөлінсе де, нәтиже төмен

Антикор

Антикор басшысы Асхат Жұмағали соңғы кезде түрлі сыннан көз ашпай кеткен спорт саласына қатысты қандай жұмыстар жасалатынын айтты. Себебі талай қаржы бөлінсе де, нәтиже төмен, одан қалды спорт саласында басшылықта жүрген бірқатар адам да темір тордың ар жағында отыр.

«Біз сараптама жүргізіп, өз ұсыныстарымызды бердік. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмай, олардың орындалуын міндетті түрде қадағалаймыз. Тәуекелдер әлі де жойылып кеткен жоқ. Спорт министрлігіне қарасты ведомство басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық істер де бар. Жақында ғана спорт дирекциясының басшылығына қатысты тергеуді аяқтадық. Олар қамауда. Іс сотқа беріледі. Аймақтарда басқарма басшыларының оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін пара алғаны туралы фактілер бар. Олар да тергелуде. Бұл жұмыс жалғаса береді. Тәуекел бар жерді тереңірек зерттеуге тырысамыз. Көрсеткіштің артынан қуып, сандарды ғана мақсат тұтпаймыз. Бізде сыбайлас жемқорлық картасы бар. Спорт саласы да осы сыбайлас жемқорлық жоғары салалардың картасына енеді. Сондықтан жұмыс жүйелі түрде атқарыла береді. Кешенді, мақсатты жұмыс қой. Қылмыс жасалғаны анықталса, заңға сәйкес тиісті шешім шығарылады», - деді ол.

Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Асхат Жұмағали ҰОК басшысы Геннадий Головкинмен де кездесіп, бірге жұмыс істеу туралы келіскенін айтқан.