Алматы әкімдігі спортшыға бір бөлмелі пәтер мен кроссовер көлігін тарту еткен
Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев өзіне берілген сыйақылардың жалпы көлемі туралы айтты. Белгілі татами шеберінің сөзінше, ол Франция астанасындағы жетістігінен кейін 300 млн теңгеге жуық сыйақы алған. Бұл туралы спортшы NAIZA TV-ға берген сұхбатында айтты.
«Көлігіміз бар, барлығы 300 млн-ға жетерліктей сыйақы болды. Кейбір сыйақыны әлі алған жоқпын. Жобамен бәрін қосқанда осы соманы құрайды», - деді Ғұсман Қырғызбаев.
Париж Олимпиадасында 66 келіде күрескен отандасымыз елге келгеннен кейін оған демеушілер жол талғамайтын қымбат көлік сыйлаған еді. Кейін Алматы әкімдігі спортшыға бір бөлмелі пәтер мен кроссовер көлігін тарту етті. Сонымен бірге, қазақстандық олигарх Кеңес Рақышев Ғұсман Қырғызбаевқа көлік мінгізді.
Спортшының бапкері шәкіртіне дайындық кезінде әлеуметтік желіден бас тарту туралы талап қойған. Ал бұл шектеу өз жемісін берген көрінеді.
«Қазір марапаттау көп болғаннан кейін бұл жастарға мотивация болып отыр. Еңбектеніп осындай жетістікке жетсең – оның бәрі тәртіптің, арнайы жспардың арқасы. Қазақта той көп. Әркім шақырып, қонақ болса дейді. Шақыруға бір барған уақытта жаттығу бұзылады. Қасындағы достары да жаттығуда жүргенде шай ішейік дейді. Бірақ оның бәрі спортшының бабына тікелей әсер етеді. Түнде ұйқы дұрыс болмаған соң ары қарай жақсы болмайды. Бізде әлеуметтік желі деген мәселе бар. Екеуіміз әлем чемпионатынан кейін отырып сөйлескенде әлеуметтік желіні өшіру туралы келісімге келдік. Өзі Олимпиададан кейін ғана қосты. Бұны ұғатын адам ғана ұғады. Спортшылар әлеуметтік желіден тыйылып, кітап оқуға ден қоюы керек. Себебі, әлеуметтік желі уақытты ұрлайды», - деді жеке бапкері Ермек Нәсиев.