UFC чемпионы Ислам Махачев Алматыға келді

Редактор
04.09.2024, 21:36

UFC pound-for-pound рейтингінде Ислам Махачев көш басында тұр

Instagram/@islam_makhachev

UFC чемпионы Ислам Махачев қолына жасалған операциядан соң қалыпқа келуде. Осы сәтті пайдаланып бос уақытын тиімді өткізуді ұйғарған тәрізді. Аралас жекпе-жек шеберінің Алматыда жүрген видеосы тарады.

UFC pound-for-pound рейтингінде жеңіл салмақ өкілі Ислам Махачев көш басында тұр, жуық арада ол титулды қорғау жағынан дивизионның рекордын жаңартуы мүмкін. Дегенмен дәл қазір Махачев демалып жүр, себебі маусым айында Дастин Порьемен өткен айқаста қолын жарақаттап алды, тіпті операция жасатуға тура келді.

Демалыс уақытында ол Алматыға ат басын бұрыпты. Оңтүстік астанада Ислам футболдан Қазақстан жастар құрамасының бұрынғы ойыншысы Димаш Қашкенмен кездескен, одан қалды ММА залдарының бірінде жаттығу да өткізген.