Олимпиадада Тедди Ринермен жанжалдасқан грузин балуаны жазаға тартылды

Редактор
04.09.2024, 17:51

Ол ширек финалда танымал дзюдошы Тедди Ринермен белдескен болатын

Reuters

Париж Олимпиадасында аса ауыр салмақта сынға түскен Грузия дзюдошысы Гурам Тушишвили спорттан алты айға шеттетілді.

Белгілі спортшы аса ауыр салмақта Париждегі ойындарда қарсыласына шектен тыс әрекеттер көрсеткені үшін жазаланып отыр. Ол ширек финалда Францияның танымал дзюдошысы Тедди Ринермен белдескен болатын.

Алайда грузин балуаны жеңілген сәтте эмоцияға ерік беріп, қарсыласын жерге жығып тастады. Мұнымен тоқтамаған Тушушвили Ринерге төніп барып сес көрсеткен еді.

Осыдан кейін ол жұбаныш белдесуінен шеттетіліп, Олимпиада жүлдесінен тыс қалды. Ал Ринер финалға дейін жетіп, нәтижесінде жекелей сын бойынша Олимпиада ойындарының үш дүркін жеңімпазы атанды.

Айта кететін жайт, Гурам Тушишвили Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы. Ол кезінде қазақ күресінен "Әлем барысы" турниріне қатысып, күміс жүлдесіне ие болған.