Жарыс жолын ерлер құрамасынан 60 келіде Шерзод Давлатов бастайды
Бүгін дзюдодан Хорватияда басталатын Загреб Гран Приінде ұлттық құраманың 4 балуаны белдеседі. Әлемдік турнирдегі отандық татами шеберлерінің қарсыластары белгілі болды.
Жарыс жолын ерлер құрамасынан 60 келіде Шерзод Давлатов бастайды. Ол бірінші белдесуінде израилдік Ариель Шульманға қарсы өткізеді. Ал 66 келіде Жанарыс Рахметқали турнирді екінші айналымнан жалғастырып, Хорватия-Испания балуандарының жұбымен белдеседі.
Әйелдер құрамасынан 48 келіде Ғалия Тынбаева бірінші кездесуін италиялық Джулия Гильонеге қарсы өткізіп, өзара мықтыны анықтайды.
Ал +78 келіде Ақерке Рамазанова татами иесі Марчелина Враньешпен күш сынасады. Айта кететін жайт, Нұрқанат Серікбаев бұған дейін 66 келіде Загреб турнирінде күресетіні айтылған еді. Алайда отандасымыздың есімі жарыс жеребесіне енбеген.