Париж Олимпиадасынан кейін Головкин оны дереу қызметінен босатқан еді
Тамыз айында Ұлттық Олимпиада комитетінде Бас хатшы болған Жанар Өтешова «сенімнен айрылғаны» үшін қызметінен кеткені хабарлаған болатын. ҰОК-тың баспасөз қызметі дәл осындай ақпарат таратқан.
Дегенмен, Өтешованың өзі 13 қыркүйекте әлеуметтік желіде жазба жазып, қызметтен өз еркімен бүгін ғана кеткенін мәлімдеді.
«Бүгін мен үшін ҰОК тарауы жабылды. 13 қыркүйекте мен ресми түрде бас хатшы лауазымынан өз еркіммен кеттім. Бірден айта кетейін, БАҚ беттерінде осыған дейін тараған «қызметінен босатылды» деген жаңалықтары шындыққа жанаспайтын еді. Заңгерлер маған өз атымды қорғауым үшін сотқа жүгінуге кеңес берген болатын. Алайда, менің атым, ниетім мен ар-намысым таза және қорғауды талап етпейтініне сенімді болғандықтан мұндай ұсыныстан бас тарттым», - деп жазды Жанар Өтешова өзінің Instagram-парақшасында.
Оның айтуынша, ол қызметтен өз арызы бойынша кеткен. Тіпті, ешқандай өтемақы талап етпей, үнсіз қалу міндеттемесіне қол қоймай ҰОК-тың «есігін жапқан».
«Жер домалақ. Алдымызда бізді қаншама дүние күтіп тұр.Тамыздан бері маған бірнеше ұсыныс түсті, соның ішінде басқа елдерден де келген ұсыныстар бар. Бірақ Қазақстаннан артық ешбірі жақын бола алмайды. Дегенмен, алдағы уақытта не болатынын кейінірек шешемін», - дейді Жанар Өтешова.
Бұған дейін 21 тамызда Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті президенті Геннадий Головкин комитеттің бас хатшысы Жанар Өтешованың «сенімхат негізінде берілген» өкілетін тоқтатқанын хабарлаған.
Айта кетсек, Жанар Өтешова 2024 жылдың ақпан айынан бастап ҚР ҰОК-нің атқарушы директоры болды. Сондай-ақ, қазақстандық белгілі боксшы және ұйым басшысы Геннадий Головкиннің PR-кеңесшісі қызметін атқарды.