Елдос Сметов пен ағайынды Оралбайларға және Назым Қызайбайға қымбат автокөлік сыйға берілді

Редактор
14.09.2024, 15:59

Бүгінге дейін Елдос Сметовке Қазақстанның бірнеше қаласынан пәтер мен автокөлік сыйға тартылған

t.me/kozachkow

Париж Олимпиадасында жүлде алған қазақстандық бірнеше спортшыға Жұмабек Жанықұлов пен Сырымбек Тау бастаған кәсіпкерлер қымбат сыйлықтар табыстады.

Олардың қатарында дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметов, бокстан күміс жүлде алған Нұрбек Оралбай, қола жүлдегер Назым Қызайбай және жүлдесіз қалған Айбек Оралбай бар.

Бұл туралы Сырымбек Тау өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялады. Атап айтқанда, Елдос Сметовке жол талғамайтын Mercedes-Benz GLE автокөлігі берілсе, ағайынды Нұрбек пен Айбектің әрқайсысына Toyota Pradо мінгізген. Ал, Назым Қызайбайға Mini Cooper автокөлігі сыйға тартылған.

«Бұл спортшылар Қазақстанға медальдың барлық түрін тарту етті. Назым Қызайбай мен Нұрбек Оралбайға Елдостың жолын берсін. Айбек те еленгбей қалмасын деп отырмыз. Ол Парижде төрешілердің қысымына ұшырады. Ағалары осылай елеп жатыр», - деді Сырымбек Тау.

Париж Олимпиадасынан кейін елге оралған спортшыларға мемлекет есебінен бөлек, демеушілер ерекше сый-сыяпат көрсетті. Әсіресе, Елдос Сметов ерекше құрмет пен қошеметке ие болған. Оған Қазақстанның бірнеше қаласынан пәтер, бірнеше автокөлік, үйір-үйір жылқы, ақшалай сыйлық табысталуда.