Асқар Мамин, Даниал Ахметов секілді экс-шенеуніктерді спортқа жолатпау петициясы басталды

Редактор
15.09.2024, 01:19

Петиция авторы Нұрбол Жұмасқалиев пен Бақтияр Артаевты спорт саласын басқаруға әкелу керек деп есептейді

Асқар Мамин. Фото: Forbes.kz

Қазақстанда олигархтар мен бұрынғы шенеуніктерді спорт саласының басшылығынан шығарып, спорт саласында реформалар жүргізуді талап еткен петиция пайда болды.

Азаматтар өзекті мәселелерге алаңдаушылық білдіріп, жағдайды жақсартуға бағытталған нақты өзгерістерді ұсынады. Негізгі талаптарға спорт ұйымдарының басшылығынан олигархтар мен бұрынғы шенеуніктерді алып тастау, мемлекет пен спорт федерацияларының өзара іс-қимылын қайта қарау, бюджет қаражатын жұмсаудағы ашықтықты арттыру кіреді.

Өтініште көрсетілген негізгі мәселелер:

  1. Халықаралық жарыстардағы қанағаттанарлықсыз нәтижелер.
  2. Спорт федерацияларын ашық емес басқару;
  3. Спортқа бөлінген бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану.

Петицияны қолдаған азаматтар аталған бастама Қазақстанның спорт индустриясында көптен күткен реформалардың басталуына ықпал етеді деп үміттенеді.

Өтініш авторы – Мәжіліс депутаттығына үміткер болған Дінмұхамед Қаматай.

«Нұрбол Жұмасқалиев Қазақстан футбол федерациясының президенті болуы үшін, ал Бақтияр Артаев бокс федерациясына жетекшілік етуі үшін біз бірігіп, петициямызды қолдауымыз керек. Кез келген спорт түрінің федерацияларының басшылығын мемлекет жеке басының байланысы емес, кәсіби қасиеттері бойынша тағайындауын ұсынып отырмыз. Олай болса, хоккей федерациясындағы Асқар Мамин мен жеңіл атлетика федерациясындағы Даниял Ахметов сынды қайраткерлер өз қызметтерінен кетеді. Біз кәсіпқой экс-спортшылар мен жаттықтырушылар жетекшілік қызмет атқаруын қамтамасыз еткіміз келеді. Қазақ спортының болашағын бірге өзгерте аламыз», – деді Дінмұхамед Қаматай.

Еске салайық, бұған дейін Қаматай Америка Құрама Штаттарындағы көптеген жас спортшылар үшін трамплин болып табылатын Ұлттық Колледж Атлетикалық Ассоциациясының жүйесін Қазақстанда енгізуді ұсынған болатын.