«Парижде шамасын көрсетті»: Ризабек Айтмұқан Әлішер Ерғали туралы пікір білдірді

Редактор
19.09.2024, 13:01

Әлем чемпионы өзінің басқа да тегеурінді қарсыластары туралы айтты

Видеодан кадр

Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан өз салмағында әлемнің үздік балуандары мен құрамадағы қарсыласы Әлішер Ерғалиға қатысты пікір білдірді.

Белгілі спортшы «Спорт министрі» арнасына берген сұхбатында Париж Олимпиадасына баруға Әлішер Ерғали көп еңбек сіңіргенін атады.

«Әлішер Ерғали жасы үлкен болғандықтан біздің ағамыз ғой. Құрамада жүргеніме 2-3 жыл ғана болды. Әлішер бұрыннан бері құрамада күресіп жүр. 2018 жылы Әлішер мені АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиындарына ертіп апарғаны бар. Сол үшін алғысымды айтамын. Бәсеке бар жерде нәтиже болады. Одан спортшы жақсы өседі. Қазақстан чемпионатының финалында мен одан таза ұтылдым. Ол лицензия алды. Олимпиадаға лайық түрде барды. Әлішер Парижде бар күшін салды деп ойлаймын. Бұл туралы артық ештеңе айта алмаймын. Егер мен барып ұтылсам, елдің бәрі Әлішер Ерғалиды апару керек еді дер еді. Әттеген-ай деген жайлар болды», - деді Ризабек Айтмұқан.

Сонымен бірге, әлем чемпионы өзінің басқа да тегеурінді қарсыластары туралы айтты.

«Менің салмағымда көптеген мықты спортшылар бары баршаға белгілі. Мысалы, Ахмед Тажудинов, Абдулрашид Садулаевтан бөлек, парсы палуаны да өте мықты спортшы саналады. Кайл Снайдер де өте үздік балуан. Қазір жастар өсіп келе жатыр. Соның ішінде Иран балуан мен Ахмед Тажудинов екеуі де Париж Олимпиадасында америкалық Кайл Снайдерді ұтты. Бұл таңқалатын нәрсе емес. Бұл күрес. Бір орында ештеңе тұрмайды. Барлығы еңбектеніп жұмыс істеп жатыр. Ахмед Тажудиновпен екі рет күрестім. Өте ыңғайсыз қарсылас. Өте мықты спортшы. Әлем, Азия чемпионы. Париж Олимпиадасының чемпионы. Әлі де талай кездесеміз деп ойлаймын», - деді Ризабек Айтмұқан.

Естеріңізде болса, Ризабек Айтмұқан 2023 жылы Сербияда ересектер арасында өткен әлем чемпионатында еркін күрестен 92 келіде топ жарған болатын. Сондай-ақ, жақында 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанды. Енді отандасымыз қазан айының соңында 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем біріншілігінде 97 келіде бақ сынайды.