Өзбекстан бес емес, жеті бірдей алтын алуды көздеген
Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев өзбектер Париж олимпиадасында алтынды сатып алды деген айыптауға жауап берді. Маманның айтуынша, Өзбекстан бес емес, жеті бірдей алтын алуды көздеген екен.
«Қолынан келмейтін адам көп сөйлейді. Себебі амалы жоқ, өзі ұтып алса – олардың алтыны адал да, біздікі есептелмейді екен. Шынын айтайын, біздің жеті алтын алуға шамамыз жетуші еді. Қазір де қайталап айтамын, жеті боксшымызға әлемде тең келетін боксшы жоқ. Егер бәрі әділ өткенде, Турабек Хабибуллаев та 80 келіде Александр Хижнякті ұтушы еді. Руслан Абдуллаев та қарсыласын ұтты. Сондықтан біз о бастан жеті алтынға үмітті болғанбыз. Париж алдында менің сөздеріме қазақстандық блогерлер күлген. Бірақ мен сенімді болдым. Олар физикалық тұрғыда да, психологиялық тұрғыда да, техника жағынан да өзгелерден мықты», - деді Тулкин Киличев
Сонымен қатар ол «ІВА-де жемқорлық жайлаған» деген пікірге қатысты да ойын айтты.
«ІВА боксшыларға көп жақсылық жасап жастар, балалар өзін, отбасын асырауға мүмкіндік алды, себебі олар ұйымдастырған жарыстардың бәрінде сыйақы тағайындалады. Өзіміз боксшы болған соң, бокста ақша көбейген сайын қуанамыз. Ал оны не үшін айыптап, не үшін шеттетіп жатқанын білмеймін, оның бәрі саясат қой, ал мен тек бапкермін», - деді ол.