Нұрбақыт Теңізбаев Алмат Кебіспаевпен бәсекелестік жайлы айтып берді

Редактор
25.09.2024, 17:04

Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері 2010 жылғы оқиғаны есіне алды

Видеодан кадр

Грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев Jas Alash-тың YouTube-арнасына берген сұхбатында Алмат Кебіспаевпен бәсекелестігі туралы айтты.

Тілші Теңізбаевтан «Боранбек Қоңыратов Алмат Кебіспаевты сізге қарсы арнайы дайындады» деген мақала оқыдым. Бұл қаншалықты рас? Екеуара бәсекелестік жайлы айтып беріңізші» деп сұрады.

«Алмат Кебіспаев өте талантты балуан болды. Оның бапкері Боранбек аға да өте талантты маман. Алмат ізімізді басып келе жатқан ініміз еді. 2008 жылы ол жас болды. 2010 жылы Қазақстан чемпионатында кездесіп, мені жеңіп алды. Кейіннен әлем чемпионатына барып орын алды. Олимпиада ойындарының жолдамасын ұтты. «Жігіттің тағымен талассаң да, бағымен таласпа» деген сөз бар ғой. Бағы да, бабы да келіскен мықты балуанның шығып келе жатқанына қуандық. Мықты жігіттің жолын байламай, күресті қоюыма тура келді. Сөйтіп батамызды бердік. Оның үстіне тәртіп бойынша жолдаманы ұтқан адамға қолдау көрсеткен дұрыс. Оған жағаласып, бағына таласу менің абыройыма абырой қоспаушы еді», - деді Теңізбаев.

Материалда: