Жансая Әбдімәлік шахмат Олимпиадасына неліктен қатыспағанын түсіндірді

Редактор
25.09.2024, 18:06

Қазақстан әйелдер құрамасы алғаш рет күміс жүлдеге ие болды

chessacademy.kz

Еліміздің белгілі шахматшысы Жансая Әбдімәлік жақында аяқталған әлемдік шахмат Олимпиадасынан неліктен тыс қалуының себебін атады.

Танымал шахматшы әлеуметтік желідегі оқырмандарының сауалына жауап беру кезінде аталған мәселеге қатысты ой білдірді.

Жансая Әбдімәлікке Instagram-да "Олимпиадаға не себепті қатыспадыңыз?" деген сауал қойылған еді.

"Мұның бірнеше себебі бар. Алайда оның барлығын жазатын болсам баспасөз конференциясын өткізуге болады. Менің айтарым - Қытайда өткен командалық жарыстан кейін осындай шешім қабылдауға тура келді. Болашақта құрамаға қайта оралып жатсам, өзім үшін мүлде басқа ережелер мен келісімдер бойынша ғана қатысамын", - деді Жансая Әбдімәлік.

Айта кететін жайт, жақын күндері Қазақстан әйелдер құрамасы шахматтан алғаш рет Олимпиадада күміс жүлдеге ие болған еді. Бұл жетістік отандық шахмат тарихындағы айтулы жетістік саналып отыр.

Олардың қатарында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман сынды шахматшылар сынға түсті.