Головкин «сенімнен айырылған» бас хатшысының орнына жаңа үміткерді бекітті

Редактор
27.09.2024, 14:31

Бұл лауазымға Әлімжан Ақаевтың кандидатурасы ұсынылды

ҰОК

Еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс жиыны өтіп, бас хатшы болып Әлімжан Ақаевтың кандитарурасы мақұлданды.

Бас Ассамблеясының кезектен тыс жиынына ҰОК президенті Геннадий Головкин, спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев, олимпиадалық спорт түрлері бойынша 33 Ұлттық спорттық федерациялардың өкілдері қатысқан.

Головкин спортшылардың Париж Олимпиадасындағы жетістіктеріне тоқталып, жарыс циклінің әлі де жалғасып жатқанын атаған. Сондай-ақ, жаңа бас хатшыны сайлау кезінде Әлімжан Ақаевтың кандидатурасы ұсынылып, оны қатысушылар бірауыздан бекітті.

«Бас Ассамблея мүшелеріне маған сенім артып, мен ұсынған кандидатты қолдағаны үшін алғыс айтамын. Әлімжан Ақаевты жаңа қызметке сайлануымен құттықтаймын. Оның жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімі алға қойылған мақсаттарға жетуге көмектесеріне сенемін», - деді Геннадий Головкин.

Жаңа Бас хатшы Әлімжан Ақаев соңғы жеті жыл көлемінде ҰОК-нің халықаралық қатынастар департаментін басқарды. Сонымен бірге, ол халықаралық форумдар мен конференцияларда Қазақстан Ұлттық ҰОК мүддесін қорғап, еліміздің әлемдік спорт аренасындағы байланысы мен беделін нығайту жолында қызмет еткен.