Ғарышқа ұшқан тоғызқұмалақ тақтасы: Министрліктің «ерекше» идеясына қанша ақша кетті?

Редактор
01.10.2024, 15:40

Тақтаны ұшыруға Ресей тарапы көмектескен

Туризм жəне спорт министрлігі

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында Туризм және спорт министрлігі тоғызқұмалақ тақтасын ғарышқа ұшырып, айды аспанға шығарғандай болды.

Министрлік ғарышта болып келген тұңғыш ойынымыз туралы былай деп ақпарат таратқан еді:

«Тақта 9 қыркүйек күні ғарышқа ұшып кеткен, миссиясы аяқталған соң жерге қайта оралды. Бұл ерекше оқиға, өйткені тоғызқұмалақ – ғарышта болып келген тұңғыш ұлттық ойынымыз», – деген министрлік.

Аталмыш тақтаның ғарышқа тегін ұшпағаны анық. Туризм және спорт министрлігі nege.kz тілшісіне кеткен шығынды есептеп берді.

«Тоғызқұмалақ тақтасын ғарышқа жіберу үшін «Тоғызқұмалақ федерациясы» ЗТБ Ресей ғарыш агенттігінің «Стратонавтика оператор стратосферных полетов» қосалқы мердігер компаниясымен келіссөздер жүргізіп жүзеге асырды. Тоғызқұмалақ тақтасын ғарышқа апарып келу үшін «Жаңа пост» компаниясының демеушілігімен 2 628 000 (екі миллион алты жүз жиырма сегіз мың) теңге жұмсалды.

Тақтаны ғарышқа жіберу идеясы тоғызқұмалақ федерациясының бастамасымен жүзеге асты. 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгені құрады, мемлекет бюджетінен 5,7 млрд теңге және демеушілер тарапынан 2 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді», – делінген министрлік жауабында.