Халық ішерге ас таппай отырғанда, Үкімет легионерлерге миллиардтар жұмсаған. Антикор не істейді?

10.10.2024, 01:18

Тәуелсіздік алған жылдарда Қазақстанға 126 легионер келіп, біздің елдің азаматтығын алған

коллаж: 1bol.kz

Соңғы 6 жылда Қазақстан билігі спортты дамытуға бюджеттен 1,4 трлн теңге жұмсапты. Бұл қаражаттың тек 2,5 проценті ғана бұқаралық спортқа жұмсалса, қалған сома басқа нысандарға бағытталған. Оның ішінде: шетелден легионерлер тарту, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін қаржыландыру және басқа да шығындар бар.

Олимпиадалық спорт түрлерін қаржыландыруға түсіністікпен қарауға болады. Алайда, үкімет стрип-пластика, петанг, балық аулау спорты секілді федерацияларға да қаражат беріп келгені анықталып отыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеп отыр.

Ең қызығы сол, бұл үкімет алдағы үш жылға спортты дамытуға тағы да 1,3 трлн теңге қарастырып қойған. Бұл ақша расымен де спортты дамытуға жұмсала ма, әлде әр федерацияның құлағында отырған олигархтардың қалтасын толтыра ма, ол жағын уақыт көрсетеді. Ал, Антикор енді тиімсіз жаратылған қаражатқа сұрау салып, алда мұндай келеңсіздіктің орын алмауына бар күшін салады деген үміт басым.