Спортта бес жылда бес министрдің ауысуы саланың дамуына үлкен зиянын тигізіп жатыр – Дәулет Тұрлыханов

Редактор
11.10.2024, 13:30

Ол министрлердің үшеуі – басқа саланың мамандары

Фото ашық дереккөзден

Париж Олимпиадасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Туризм және спорт министрі болған Ермек Маржықпаевты отставкаға жіберген болатын. Оның орнына Ербол Мырзабосынов тағайындалды. Бұл – спорт саласында бес жылда тағайындалған бесінші министр.

Қазақстан күрес түрлері федерациясының президенті, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов болса министрлерді дәл осылай жыл сайын ауыстыра беру – спорт саласының дамуына зор нұқсан келтіріп жатыр дейді. Мұндай пікірін ол бүгін федерация басшылығы өткізген баспасөз мәжілісінде айтты.

«Спорт саласында министрлердің жиі ауысуы біздің салаға өте зор нұқсан келтіріп жатыр. Өйткені, министр болып келген кейбір азамат не спортшы емес, не бітірген оқуының кәсіби спортқа қатысы жоқ, не бұл салада мүлдем тәжірибесі жоқ. Олардың спорт саласын танып-білуі үшін бірталай уақыт керек. Оның үстіне, әр министр тағайындалған кезде өзінің көзқарасымен келеді, саланы түсіну үшін кемі 1-2 жыл жұмыс істеуі керек», - деді Тұрлыханов журналистердің сауалына жауап беру кезінде.

Айта кету керек, қазіргі министр Ербол Мырзабосынов қазақ күресімен ұзақ уақыт айналысқан. Ал, оның алдында саланы басқарған Ермек Маржықпаев болса - бокстан спорт шебері.

Түрмеде жазасын өтеп жатқан Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның ізбасары Ақтоты Райымқұлова да министр болғанда спорт саласына жауапты еді. Алайда, екеуі де – мәдениет саласының өкілдері, спортқа он қайнаса сорпасы қосылмайды. Қазір еліміздің Ресейдегі төтенше және өкілетті Елшісі болып қызмет атқаратын Дәурен Абаев, одан кейін 8 ай министр болған Асхат Ораловтың да спорт саласына еш қатысы жоқ.