Абиба Абужақынова Абу Даби турнирінің алғашқы айналымында оңбай ұтылды

Редактор
11.10.2024, 14:04

Ол Олимпиада ойындарынан кейін біршама уақыт демалған болатын

olympic.kz

Абу-Даби Гранд Слэмінде бүгін жарыс жолына шыққан Абиба Әбужақынова алғашқы белдесуінде жеңіліп қалды.

48 келіде бақ сынайтын отандасымыз IJF құрамасының балуаны Марина Воробьевамен шеберлік байқасқан еді. Алайда, Абиба белдесудің тура бірінші минуты аяқталған сәтте ауырту әдісіне түсіп қалып, ұтылуға мәжбүр болды.

Аталған турнир Абиба Әбужақынованың Париж Олимпиадасынан кейін қатысып отырған алғашқы жарысы. Ол 27 шілде күні Франция астанасында өткен ойындарда ширек финалға дейін жетіп, қола жүлде үшін белдескен еді. Олимпиададан 5-ші орынмен оралған Абиба жақында ғана жаттығуға кіріскен еді.

Бұдан бөлек, 66 келіде Әділет Берікұлы екінші айналымда жарысты аяқтаса, 60 келіде Мағжан Шамшадин мен Дәурен Сүйеукенов ширек финалға шықты.