Белгілі журналист спортшы-депутат Ардақ Назаровқа мандатын тапсыруға кеңес берді (ВИДЕО)

Редактор
13.10.2024, 02:38

Мәжіліс депутаты қаза болған жерге мобилографпен бірге барған

instagram.com/ardaknazarov/

Талғардағы 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болаттың қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Анасының көзінше бірнеше адам жабылып ұрып, пышақтап өлтірген баланың оқиғасы төңірегінде түрлі сыбыс пен жорамал көп. Жергілікті халық аймақта «Хуторские» деп аталатын қылмыстық топтың барын, оның мүшелері бірнеше жылдан бері қарапайым тұрғындарды отырса – опақ, тұрса – сопақ етіп келе жатқанын айтып та, жазып та жатыр.

Оқиға орнына Ішкі істер министрі де, Бас прокурор да келген жоқ. Есесіне осы аймақтан Мәжіліске депутат болып сайланған белгілі спортшы Ардақ Назаров төбе көрсетті. Алайда, оның келгенінің өзі қоғамда тағы шу тудырды. Депутат журналистер сауалына дөрекі жауап бергені өз алдына, қаза болған жерге мобилограф ертіп барыпты.

Белгілі журналист Гүлбану Әният Ардақ Назаровтың бұл әрекетін қатаң сынға алды. Қаралы үйге емес, тойға барғандай дейді.

«Ардақ Назаров – Алматы облысынан сайланған депутат. Талғар өзінің округі. Не үшін барды? Не бітірді? Халық қан жылап тұр. Ал, мұның жүрісін, жауабын қараңыз. «Көріп алайын» дейді, нені көрмекші?

Қасына мобилограф ертіп алған, тойға барғандай. Жүрген-тұрғанын видеоға түсіріп, әдемі пост жазып қойыпты. Бардым, халықтың қасынан табылдым деген отчет үшін бе?

Сәл ғана намысы болса, депутаттық мандатын тапсыра салу керек қой», - деп жазды журналист өзінің Facebook-парақшасында.

Ардақ Назаров депутат болғанға дейін аралас жекпе-жекпен айналысқан. Панкратионнан Азия чемпионы, WAFC нұсқасы бойынша әлем кубогінің иегері.