Париж Олимпиадасында жүлдесіз қалған Әлішер Ерғали Қытайда жаттығады

Редактор
16.10.2024, 11:11

Отандасымызды Қытайда қазақ балуандары күтіп алған

instagram.com/Әлішер Ерғали

Еркін күрестен Париж Олимпиадасына қатысушы Әлішер Ерғали Қытайға барды. Белгілі балуан бұл сапарында сол елдегі этникалық қазақ балуаны Әбусайман Хабиламен жаттығуды көздеп отыр.

Аталған сапар аясында отандасымызды Қытайда қазақ балуандары күтіп алып, меймандостық көрсеткен. Бұл туралы Әлішер әлеуметтік желіде Әбусайманмен бірге түскен суретін жариялады.

«Қытайда өте танымал балуан Әбусайман Хабила. Олар мұнда қазақтар ашқан мейрамханаға алып келді. Бауырсақ өте дәмді екен», - деп жазды спортшы.

Париж Олимпиадасынан бұрын Әлішер Ерғали өзінің қытайлық қарсыласы туралы айтып, өзара байланысы туралы пікір білдірген еді.

«Қытай атынан күресетін қандасымыз Әбусайманды 2018 жылдан бері танимын. Алғаш рет біз Делиде өткен Азия чемпионатында күрескен болатынбыз. Екеуіміз қола жүлде үшін күресіп, мен басым түстім. Өмірде хабарласып, араласып тұрамыз. Жарыстарда да жиі жолығамыз. Таразда өткен Д.Қонаев турниріне қатысуға келгенінде бапкерімен бірге арнайы сөйлестік. «2025 жылы Қытайда өтетін спартакиаданың дайындығына келіп көмектессең» деп өтініш айтты. Біз бірден ол ұсынысқа келісім бердік. «Бауырымызға барып көмектесейік» деп бапкерім де мүдделі болды. Ол жігіттің бапкері де қазақ. Жақсы жігіттер», - деген болатын Әлішер Ерғали.

Айта кететін жайт, қос балуан Париж Олимпиадасынжа 97 келіде күресіп, жүлдесіз қалды. Әбусайман алғашқы белдесуінде Рио Олимпиадасының чемпионы, америкалық Кайл Снайдерге алғашқы айналымда есе жіберсе, Әлішер Ерғали бірінші белдесуінде жеңіске жетті. Ал екінші айналымда ол болашақ Олимпиада чемпионы Ахмед Тажудиновке жол берді. Ал жұбаныш белдесуінде ол парсы спортшымен кілемге шығып, жеңісті уысынан шығарып алды.