Қырғызстандық балуан АҚШ-та төрешіге пышақпен шабуыл жасады

Редактор
21.10.2024, 17:00

Руслан Тюменбаевтың әрекеті қызу талқыланып жатыр

Видеодан кадр

Грек-рим күресінен 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының жүлдегері, қырғызстандық балуан Руслан Тюменбаев АҚШ-тың Филадельфия қаласында өткен спорттық шарада төрешіге пышақ ала жүгірді.

24.kg редакциясына жіберілген бейнежазбада, күрес түрлерінен турнир өтіп, оған қырғызстандықтардың қатысқанын байқауға болады. Кадрларда спортшылардың күреске дайындалып жатқанын, төрешінің оларға нұсқау беріп, бірінің белбеуін түзетіп жатқанын көруге болады. Сол сәтте көрермендер арасында жанжал туындап, айқай-шу естілген.

Төреші дау шыққан жаққа жақындағанда, көпшіліктің арасынан Руслан Тюменбаев шығып, төрешіні итеріп жібереді. Оларды ажыратқанымен, келесі сәтте Тюменбаев пышақ шығарып, төрешіге шабуыл жасайды.

Руслан Тюменбаев АКИpress-ке берген мәлімдемесінде бұл оқиға 4-5 ай бұрын болғанын және зардап шеккендер болмағанын айтты. Ол видеоны әлеуметтік желілерде өзіне күйе жағу үшін әдейі таратты деп есептейді. Себебі балуан жақында өзінің турнирін өткізетінін атап өткен.

Белгілі болғандай, Руслан Тюменбаев 2019 жылы отбасымен АҚШ-қа көшіп барған. Қазіргі уақытта ол Чикаго қаласында тұрып жатыр.

Материалда: