Ол Қызылордадағы жарыстарды Қарағандыдағы жарыстармен салыстырған
Қарағандылық журналист, блогер Айсұлтан Жақыпов Қызылордада ауыр атлетикадан 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатындағы жағдайды Қарағандыдағы жарыстармен салыстырды.
БАҚ өкілінің сөзінше, Қызылорда облысында чемпионат тек мемлекеттік тілде ғана өтіп жатыр.
«Аяқ асты ауыр атлетикаға қызығып кеткен түгім жоқ. Былтырдан бері ұлым осы спорт түрін таңдаған соң біз де жайлап ережесін, қыр-сырын түсіне бастадық. Неше күннен бері әркімнің тиктогынан бақылап отырмын. Айтпағым, чемпионат таза қазақ тілінде өтіп жатыр. Ортаға шақыруы, салмақты хабарлауы, барлығы мемлекеттік тілде. «Салмақты бағындырды» немесе «Қап, әттеген-ай көтере алмай қалды» дегендей пікірлерді мына жақта отырып естіп отырмын. Біздің Қарағандыда бұл спорт түрінен облыстық деңгейдегі бірер жарысты көрген болатынмын. Бәрі орысша. Кімнен қорқамыз? Кімге жалтақтаймыз?», - деді Айсұлтан Жақыпов.
Оның айтуынша, солтүстік өңірден барған спортшылар қазақша хабарландыру естіп, өзге ұлт өкілдері қиналмай-ақ түсініп жатыр.
«Біздің Шахтинскіден кеткен, Атбасар, Көкшетау, Степнагорск, Павлодар мен Петропавлдың славян тектес ұлт өкілдерінің балалары ортаға шатаспай-ақ шығып жатыр. Салмақты бағындырған соң келесіге тапсырыс беруінің бәрі қазақша. Солар мында қайтып келген соң қайтадан замыкайттап қала ма не? Меніңше, осындай жарыстардың барлығы қазақ тілінде өткені дұрыс. Мүмкін, бізде осы спорт түрінен қазақша хабарлап отыратын маман жоқ шығар? Салмақ бойынша іріктеп, тіркеп берсе соларды өзім-ақ хабарлап отырар ем. Ұлт үшін, мемлекет үшін демей-ақ қояйын. Ұлым үшін хабарлап берер ем», - деп жазды блогер.