Иран жүйесіне қарсы шыққан парсы дзюдошы Әзірбайжан атынан Олимпиадаға қатыспақшы

Редактор
11.12.2023, 20:03

Ол Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және әлем чемпионы

Фото ашық дереккөзден

Иранннан бас сауғалап қашып кеткен Саед Моллаи Париж олимпиадасына қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Ол бұған дейін Токио олимпиадасында Моңғолия атынан күресіп, күміс жүлдегер атанған болатын. 

Бүгінде Әзірбайжан құрамасына қабылдаған парсы спортшысы өзінің бәріне дайын екенін айтып отыр. Ол қандай жағдайға қарамастан өз мүмкіндігін толық пайдаланатынын жеткізді.

«Ауырды қабылдау керек. Ауыр кезеңде тек жымиямын. Ауру – ол тағдырдың жазбасы. Ол тек саған бір ғана сұрақ қоюы мүмкін: сен шынымен өз мақсатыңа жете аласың ба?», - деп жазды дзюдошы әлеуметтік желіде.

2019 жылы Токиода өткен әлем чемпионатында ширек финалға дейін жеткен спортшы Иранның спорт министрлігі басшысының тапсырмасы бойынша жартылай финалға шыққан жоқ. Себебі, ол жартылай финалда Израиль дзюдошысымен күресуі әбден мүмкін еді. Осыны ескерген елдің спорт саласының өкілдері Саед Моллаиге мүмкіндігінен бас тартуды қатаң тапсырды. Олай етпеген жағдай оның Ирандағы туыстарына билік тарапынан қауіп төнетінін ескерткен.

Сол жолы Саед ширек финалда қарсыласына барын салмай күресіп, есе жіберуіне тура келген. Алайда, ол режимге наразы екенін білдіріп, Токиодан Иран делегациясына қосылмай Германияға қашып кеткен болатын. Артынша Моңғолия азаматтығын қабылдады. Осыдан кейін халықаралық дзюдо федерациясы Иранды алдағы 4 жылға жарыстан шеттету туралы санкция қабылдады.

Ал, Токиода 81 келіде күресіп, финалға дейін жеткен Саед кейін азаматтық ауыстырып, Әзірбайжанға келген-тін. Қазір әлемдік рейтингте 6-шы орында тұрған ол келер жылы Париж олимпиадасына қатысуды көздейді. 

Саед Моллаи 2018 жылы әлем чемпионы атанған болатын. Ал, сол жылы өткен Азия ойындарының финалында қазақстандық Дидар Хамзаға есе жіберген еді.

Материалда: