АҚШ-қа көшкен қазақ дзюдошы екі жарыста алтын медаль жеңіп алды

Редактор
28.10.2024, 15:58

Бақыткелді Қасенов америкалықтарды таңғалдырды

egemen.kz

Қазақстандық дзюдошы Бақыткелді Қасенов АҚШ-та өткен беделді жарыстарда екі алтын медаль жеңіп алды.

Отандасымыз Лос-Анджелес пен Сан-Хоседе өткен «Nanaka Fall Tournament» және «San Jose Open-2024» турнирлеріне қатысты.

Лос-Анджелестегі алтын медаль үшін өткен финалдық кездесуде Қасенов жапондық Кулен Ямасакиді иппон әдісімен жеңді. Ал бір аптадан кейін қазақстандық спортшы қытайлық Дакота Чинді жеңіп, кезекті алтынын еншіледі.

«Жеңіске жету әрдайым қуаныш сыйлайды. Әсіресе, мықты қарсыластармен тартыста дзюдоның жоғары деңгейін көрсеткеніме қуаныштымын. Елдос Сметовтің Париж Олимпиадасындағы жетістігінен кейін бүкіл әлем Қазақстандағы дзюдошылар туралы айта бастады. Франция астанасындағы отандық дзюдоның зор жетістігімен, тіпті, мені де танымайтын адамдар құттықтады. Олар Қазақстаннан екенімді білгенде: „Kazakhstan best judoka. Smetov legends“,  деп айтады. Бұрын барлығы біздің аңызға айналған боксшымыз Геннадий Головкин туралы айтатын болса, енді оған Шавкат Рахмонов пен Елдос Сметов қосылды», –  дейді Бақыткелді Қасенов.

Спортшының айтуынша, алда әлі көптеген жарыстар бар және сол жарыстарда жеңіске жететініне сенімді.

«АҚШ-та жарыс жүйесі өте жақсы дамыған. Мұнда әр апта сайын дзюдо, джиу-джитсу, грэпплинг сияқты әртүрлі жекпе-жек түрлері бойынша беделді турнирлер өткізіледі. Лос-Анджелес пен Сан-Хоседегі табысты өнер көрсеткеннен кейін, қарсыластарым маған ерекше дайындалып, кек қайтаруға тырысатыны анық. Қарсыластарымның қатарында татамидің иелері, сондай-ақ Қытай, Корея, Мексика, Жапония және бірнеше еуропалық елдердің өкілдері болды. Олардың қарсылығын қабылдауға және қазақстандық дзюдоның күшін тағы да дәлелдеуге дайынмын. Жаттығуды жалғастыра беремін», – деп түйіндеді спортшы.

Материалда: