Қазақ балуаны бір айдан астам уақыт ішінде екінші рет әлем біріншілігінде топ жарды
Күрес түрлерінен Тиранада U23 санатында өткен әлем чемпионатында топ жарған Ризабек Айтмұқан жанкүйерлеріне үндеу жасады. Ол алдағы олимпиадада барын салатынын атап өтті.
«Тарих жазуды тоқтатпаймыз. Бұл жеңіс менің ғана жеңісім емес, бүкіл қазақ елінің жеңісі! Халқым мен отбасымның қолдауының және де адал еңбектің арқасында бүгін де 3 дүркін әлем чемпионы атану бұйырды, Аллаға шүкір!
Алдағы уақытта бірнеше жарыстарда еліміздің туын асқақтатып, олимпиаданы бағындыруға күш салатын боламын. Сіздерді әрі қарай чемпиондарымызды жеңісте ғана емес, жеңілісте де қолдап, шын жанкүйер болуға шақырамын!», - деп жазды Ризабек Айтмұқан.
Айта кету керек, Ризабек Айтмұқан қыркүйек айында 20 жасқа дейінгі жастар арасында да әлем чемпионы атанған болатын. Ол бір айдан астам уақыт ішінде екінші рет әлем біріншілігінде топ жарып отыр.