Ол екі салмақ дәрежесінде үш жас деңгейінде чемпион атанып отыр
Еркін күрестен Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан 2023 жылдан бері топ жарған жарыстар жағынан рекорд орнатты.
Кеше ғана балуан 23 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионатын жеңіп алды. Біріккен күрес әлемі (UWW) Айтмұханның өнерін рекорд деп бағалады.
«Еркін күресте Қазақстан атынан тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан алдына барлық жас дәрежесінде әлемдік титулды иелену деген мақсат қойды. 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанған соң араға екі ай салып Айтмұхан Албания астанасы Тиранада 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында 97 келіде алтын медаль иеленді.
Алтын медальдің арқасында Айтмұхан 2023 жылдан бері қатысқан турнирлердегі жеңіс тұғыры жағынан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді», - деп мәлімдеме жасады UWW.
Естеріңізде болса, Ризабек Айтмұхан 8 қыркүйекте 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем біріншілігінде үздік шықты. Ал былтыр 92 келіде ересектер арасында өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Осылайша, ол екі салмақ дәрежесінде үш жас деңгейінде чемпион атанып отыр.