Ақмарал Науатбек көзі нашарлауына байланысты параспортқа ауысқан
Танымал тележурналист Динара Сәтжан Парижде өткен Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбектің көңіліне келетін сұрақ қойып, желі қолданушыларының сынына ұшырады.
«Ақмарал, Олимпиада әлде Паралимпиада чемпионы болуды армандадың ба?», - дейді Динара Сәтжан.
Спортшы әлбетте Олимпиада чемпионы болуды қалағанын айтты. Бірақ көзі нашар көруіне байланысты параспортқа ауысқанын жеткізді.
Динара Сәтжан мұнымен де тоқтамай, көзі қанша пайызға көрмейтінін сұрады.
«Сұрағы базар жоқ екен», «Журналистікі не сұрақ?», «Не деген сұрақ?», «Осындай да сұрақ бола ма?», «Динара, өзіңіз не сауал қойғаныңызды түсінбейсіз-ау? Сау адам болса Паралимпиада чемпионы болуды қалайды деп ойлайсыз ба?», «Таза қуады екен», - деген пікірлер жазылған.
Айта кетейік, Ақмарал Науатбек Парижде өткен Паралимпиада ойындарында парадзюдодан 48 келіге дейін салмақта чемпион атанды.