Демеушілер атынан екі спортшыға темір тұлпар табысталды
Қазақ күресінен "Қазақстан барысы-2024" турнирінде топ жарған Ерасыл Қажыбаевқа Семей қаласынан үш бөлмелі пәтер берілді. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Ерасыл Қажыбаев пен турнирдің қола жүлдегері Саят Шәмшиевті қабылдау барысында айтты.
Кездесуде әкім балуандарды жеңісімен құттықтап, ұлттық күресті насихаттауға қосқан үлесі үшін демеушілер атынан қос спортшыға темір тұлпар табысталды. Сондай-ақ, Ерасыл Қажыбаевқа үш бөлмелі пәтердің сертификаты берілді.
«Мен бұл турнирге алтыншы рет қатысып отырмын. Көп дайындалдық, жеңісті Абай облысына алып келу үлкен мәртебе. Жеңісімді туған жеріме, жерлестеріме арнаймын. Алдағы жылғы жарысқа да тыңғылықты дайындаламын», - деді Ерасыл Қажыбаев.
Биыл ХІІІ рет өткен турнирге Қазақстанның барлық өңірлерінен 42 үздік балуан қатысқан болатын.