«Қылмысын жабуға тағы күш сала ма?»: Жанқош Тұраровтың үстінен қайта іс қозғалды

Редактор
06.11.2024, 12:37

Жәбірленуші тарап боксшының жазадан құтылып кетуі мүмкін екенін айтты

әлеуметтік желі

Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды. 1996 жылы туған бойжеткен Әнару Қалдыбек боксшыдан зәбір көргенін айтып, арыз жазған еді. Алайда 20 қазанда Алматы қалалық полиция департаменті боксшыға қатысты тергеу аяқталып, іс тоқтатылғанын мәлім еткен. Жәбірленушінің адвокаты Ляззат Ахатова істің қайта қозғалғанын мәлімдеді.

«Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс қайта жаңғыртылыпты. Келесі апта тергеу қайта басталады деп хабарлады. Бірақ алдыңғы заңсыз шығарылған қаулыны (қысқартылғаны туралы) әлі алған жоқпыз. Жарты айдан астам уақыт өтті. Бас Прокуратураға жазылған шағымның, әлеуметтік желідегі, БАҚ-ғы жариялылықтың нәтижесі шығар. Соңғы кезде әріптестерімнен, халықтан Бас Прокуратура қызметкерлерінің  жақсы жұмыс істеп, көптеген қылмыс пен заңбұзушылықтарды ашуға септігін тигізіп жатқандарын естимін. Бұл да болса, көңілге жағатын, үзілген үмітті жалғайтын, әділетті Қазақстанға сенім оятататын  жағымды нәрсе ғой. Тек жаман жағын айта бермей, жақсы жағын да айтайық», - деп жазды адвокат.

Ол боксшының істі қайта жабуға күш салатынынан күмәнданып отыр.

«Сонда да қайтадан «крышаларын», депутат ағаларын қосып, қылмысын жабуға тағы күш сала ма деген күдік жоқ емес. Біздің елдің органдарын, заңының қалай жұмыс істейтінін білгесін, «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, ондай күдіктің болуы да заңдылық. Не жағдай болса да, барлығы ашылып, жасырмай, айтылды», - деп жазды Ляззат Ахатова.

Бұған дейін адвокат Ляззат Ахатова Жанқош Тұраровтың мефедрон қолданатынын және Әнару Қалдыбекті де есірткіге тәуелді еткенін айтқан еді.