Самбодан әлем чемпионатына келген ресейлік журналистер өз елінің туын скотчпен жасырып қойды (ВИДЕО)

Редактор
09.11.2024, 12:42

Қазақстан қоржынында әзірге 1 алтын және 4 қола жүлде бар

Туризм және спорт министрлігі

Астанада самбодан өтіп жатқан әлем чемпионатында ресейлік журналистер киімге бейнеленген Ресей туын ақ жапсырмамен жабыстырып, көрсетпей тастады. Бұл сәттің видеосын спорттық блогер Анық Көкенайұлы өзінің Facebook-парақшасында жариялады.

Оның айтуынша, оларды мұндай қадамға ешкім мәжбүрлемеген.

«Самбодан әлем чемпионатына келген ресейлік 2 журналист киімдеріндегі Ресей туын көрсетпей жауып тастады. Бұларды ешкім мәжбүрлемеді. Өз еріктерімен осындай қадамға барды.

Жалпы әлем чемпионатында Ресей және Беларусь туы байқалмады. Спортшылары да өз елдерінің туы бар форма кимеген», - деп жазды блогер.

Айта кетейік, 2022 жылы Украинаға соғыс ашқаннан кейін халықаралық спорттық ұйымдардың барлығына жуығы Ресей мен Беларуське санкция салып, жарыстарға қатыстырудан бас тартқан. Қос елдің спортшылары биыл болған Париж Олимпиадасында бейтарап тудың астында өнер көрсетті.

Ал, Астанада өтіп жатқан самбодан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынында әзірге 1 алтын және 4 қола жүлде бар.