Құмар ойынды жарнамалағандар 2 млн теңгеге дейін айыппұл төлейді

Редактор
11.11.2024, 15:50

Жаңа шектеулер күшіне енді

Pixabay.com

Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар жарнамасына жаңа шектеулермен айыппұлдар күшіне енді. 

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының аумағында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына қатысты қатаң шектеулер енгізілгенін хабарлайды. Кәсіпкерлер тарапынан туындаған сұрақтарға байланысты ведомство төмендегі мәліметтерді ұсынады.

Жарнаманы орналастыруға тыйым салу:

Сыртқы жарнама: Көшелерде, ғимараттардың қасбеттерінде, көлік құралдарында және сыртқы құрылымдарда жарнамаға толық тыйым салынған. Бұл ереженің букмекерлік кеңселердің немесе тотализаторлардың орналасқан жерлеріне, спорт ғимараттарының ішіне және спортшылардың киімдеріне қатысы жоқ. Букмекерлік кеңселердің логотиптері мен сауда белгілерін басқа бизнес салаларының жарнамасында қолдануға болмайды.

Бұқаралық ақпарат құралдары: Еліміздегіспорт телеарналарын қоспағанда, кинотеатрларда, анықтама кітаптарында және жалпы БАҚ-та жарнамалауға тыйым салынады. «Хабар» және Qazaqstan сияқты жалпы мазмұндағы телеарналар халықаралық спорттық іс-шаралардың тікелей көрсетілімдері кезінде ғана букмекерлік кеңселерді жарнамалауға құқылы.

Көлік: Көлік құралдарында жарнама орналастыруға толық тыйым салынған.

Жарнама рұқсат етілген
Спорттық БАҚ: Букмекерлерді жарнамалауға тек спорт тақырыбына арналған және заң бойынша тіркелген спорт телеарналары мен БАҚ-қа рұқсат етіледі.

Спорттық іс-шаралар мен киімдер: Букмекерлердің логотиптері мен сауда белгілері спортшылардың спорттық киімдері мен спорттық құрал-жабдықтарында орналастырылуы мүмкін.

Ерекшеліктер:
Халықаралық спорттық іс-шаралардың тікелей трансляциясы: Букмекерлердің жарнамасы жалпы мазмұндағы телеарналарда тек халықаралық спорттық жарыстардың тікелей трансляциялары кезінде ғана рұқсат етіледі. Трансляцияға дейін жәнекейін жарнамалауға тыйым салынады.

Турнирлер мен объектілердің атауы: Букмекерлік кеңселердің тауар белгілерін заңнама сақталған жағдайда спорттық турнирлердің, объектілер мен жобалардың ресми атауларына енгізуге рұқсат етіледі.

Ереже бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар
Букмекерлік кеңселерді немесе тотализаторларды жарнамалау туралы заңнама талаптарын сақтамау әкімшілік айыппұлдарға әкеп соғады:

Бірінші рет ереже бұзғаны үшін: Жеке тұлғалар – 60 АЕК, лауазымды тұлғалар – 80 АЕК, шағын кәсіпкерлік және КЕҰ субъектілері – 120 АЕК, орта бизнес субъектілері – 170 АЕК, ірі бизнес – 400 АЕК.

Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда: Жеке тұлғалар – 170 АЕК, лауазымды тұлғалар – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік және КЕҰ субъектілері – 250 АЕК, орта бизнес субъектілері – 350 АЕК және ірі бизнес – 650 АЕК.

Заңнама нормаларын бұзғаны үшін жарнама беруші, жарнаманы шығарушы және жарнаманы таратушы жауапты болады.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі азаматтарға жарнама заңнамасын бұзу фактісін байқаса, Комитеттің онлайн қабылдауына шағым жолдай алатынын ескертеді. Ведомство қажетті шаралар қабылдайды.