Не БАҚ өтірік жазды, не Мырзабосынов алдап отыр – депутат спорт министріне шүйлікті

Редактор
13.11.2024, 14:40

Спорт саласына бөлінген қаражатқа бұған дейін Антикор аудит жүргізген

Мұрат Әбеновтің Facebook-парақшасынан

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа «Астана» велокомандасына неліктен қыруар қаражат бөлінетінін сұраған. Бірақ мұны министр жоққа шығарды. Яғни, велокомандаға БАҚ жазғандай көп қаражат бөлінбейді деді ведомство басшысы.

Әбенов болса «Астана» велоклубына «Самұрық-Қазынадан» 31 миллиард берілетінін айтты. Бірақ клуб өкілдерінің бәрі Еуропада жүреді, сол жақта жаттығып, сонда тұрады деп отыр. Клуб құрамында 29 спортшының тек 9-да қазақстандық төлқұжаты бар екен. 

Мырзабосынов депутаттың 31 милиард бөлінеді деген статистикасын жоққа шығарды. Ол жылына ары кетсе 5-6 миллиард теңге жұмсалады дейді. Бұған мәжілісмен ашуланды.

«Мен бұл ақпаратты «Казахстанская правда» газетінен алдым. Бұл жерде не газет өтірік ақпарат берген, не Мырзабосынов бізді алдап отыр», - дейді Мұрат Әбенов.

Еске салайық, бұған дейін Антикор мен Спорт министрлігі бірігіп, спорт саласына жұмсалып жатқан қаражатқа өзінше тексеріс жүргізген. Оның нәтижесі БАҚ-та жарияланды және құжатта «Астана» велокомандасына депутат айтқандай ондаған млрд теңге жұмсалғаны анық көрсетілген.