Дзюдошы мансабына қатысты ақпаратты жоққа шығарды
Жақында ғана спорттық мансабын аяқтады деген қазақстандық дзюдошы Жансай Смағұлов өзіне қатысты пікір білдірді. Белгілі татами шеберінің сөзінше, ол әзірге нақты шешім қабылдамаған көрінеді.
1bol.kz тілшісімен болған әңгіме барысында спортшы мұндай ақпаратты спортшының өзі таратпағанын атады.
«Мені мансабын аяқтады деп ақпарат тарады. Шамасы Қазақстан чемпионатында күреспегеннен кейін мансабын аяқтады деп ойласа керек. Қазір осы сұрақты өзіміз де талқылап жатырмыз. Күресемін бе әлде бапкерлікке ойысамын ба? Бұл туралы шешімды жыл соңында нақтылайтын боламын. Сондықтан қазір бұған қатысты нақты ештеңе айта алмаймын», - деді дзюдошы.
Жансай Смағұлов ұзақ жылдардан бері ұлттық құрамада күресіп келеді. Ол 66 келіде өнер көрсетіп, кейін 73 келіге ауысты. Қарағандылық дзюдошы Рио және Токио Олимпиадасына қатысқан. Бірнеше Гранд Слам, Гран При турнирінде жүлде алды.
Спортшы 2023 жылы әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін мансабын аяқтайтынын айтқан еді. Алайда бұл пікірді бас бапкер жоққа шығарып, спортшының құрама сапында күресетінін айтқан болатын.